Газадағы атысты тоқтатуды талап етіп, шеруге шыққан 300-ге жуық адамды Капитолий полициясы тұтқындады. Сәрсенбі күні жүздеген адам Капитолийдің ішінде және айналасында жиналған.
ABC News хабарлауынша, көптеген адамдар Газадағы соғыс қимылдарын тоқтатуды талап етіп Капитолий мен оның маңына жиналған. Шеруге қатысқаны үшін 300-ге жуық адам қамауға алынды.
Капитолий полициясының өкілі ұсталған адамдардың басым бөлігі Капитолий ішіндегі митингіге белсенді қатысқаны үшін тұтқындалғанын хабарлады. Солшыл еврей тобы ұйымдастырған шерушілер Кэннон-хаустың кеңсе ғимаратына басып кірген.
Осы аптаның басында Ақ үй маңында дәл осындай ауқымды наразылық шарасы өткен болатын., Сол кезде көптеген адам тұтқындалған.
Полиция өкілдерінің айтуынша, наразылық білдірушілер Капитолийге заңды түрде кіре алады, бірақ тәртіпсіздік жасаған кезде заңдық тұрғыдан проблемалар басталады.
Капитолий полициясы көшеде наразылық білдірушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғимараттың айналасындағы жолдарды уақытша жауып тастады.
Axios басылымының хабарлауынша, шеруге шыққан жүздеген наразылық білдірушілер «Егер қазір болмаса» және «Бейбітшілік үшін еврей үні» антиизраильдік тобымен байланысты. Олар сәрсенбі күні Капитолий алдында жиналып, Газадағы атысты тоқтатуға шақырды.