Гаити: Қарулы топ премьер-министрді орнынан алып тастаймыз деп қоқан-лоқы көрсетті

Банданың басшысы Джимми Шеризье Гаитидің Премьер-министрді «кез келген жолмен» орнынан кетіруге дайын екенін мәлімдеді. Одан өз еркімен отставкаға кетуді талап етті.

Бұл туралы сәрсенбі күні EFE агенттігі хабарлады.

Джимми Шеризье мен оның адамдары премьерге қарсы емес, «елдің 95% байлығын өз қалтасына басыпотырған үкіметтегі адамдардың 5%-ына қарсы» күресіп жатқанын мәлімдеді.

Отставканы талап етіп отырғандар министрлер кабинетінің басшысын президент Жовенель Моизге жасалған қастандыққа қатысы бар деп күдіктенеді. Олар мемлекет басшысының резиденциясына шабуыл жасаған түні Анридің басты күдіктілердің бірі Жозеф-Феликс Бадьёмен бірнеше рет телефон арқылы сөйлескені туралы ақпаратты алға тартып отыр.

Кариб елінің президенті Жовенель Моиз 7 шілдеде резиденциясына жасалған шабуыл кезінде қаза тапты. Моиз өлтірілгеннен кейін премьер-министрдің міндетін атқарушы Клод Жозеф республиканы басқаруды өз мойнына алды. Кейінірек ол «ел игілігі үшін» уақытша үкімет басшысы қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеді, себебі саясаткерлер арасындағы қақтығыс саяси дағдарысты ушықтыруы мүмкін еді.

Ариэль Анри 20 шілде күні премьер-министр қызметіне кірісті, оны 5 шілдеде Моиз тағайындаған болатын, алайда президентке қастандық жасалғаннан кейін қызметіне кірісіп үлгермеген.

Добавить комментарий