
Қазақстандықтардың сайлауға жоғары белсенділікпен келуі – бұл қалыпты өмірге оралудың белгісі. Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын тәуелсіз шетелдік бақылаушылардың брифингінде Италия Республикасынан келген Еуропарламент депутаты Фульфио Мартушелло осындай пікірмен бөлісті.
“Кеше біз адамдардың үлкен ағымын көрдік, бұл халықтың сайлауға қатысуға деген үлкен ықыласын көрсетеді. Сайлау COVID-19-ға қарамастан, қауіпсіздік жағдайында өткізілді. Барлық үдерістің жоғары дәрежеде ұйымдастырылуы байқалады – дене қызуын өлшеу, әлеуметтік арақашықтық, дезинфекция. Еуропа әлі де жергілікті сайлауды мамырда өткіземіз бе деп ойланып жүргенде, Қазақстан пандемия жағдайында сайлауды өткізу мүмкін екенін көрсетті”, – деді Ф.Мартушелло өз сөзінде.
Еуропарламентарий сондай-ақ сайлауға келген қазақстандықтардың жоғары белсенділігін атап өтті.
“Дауыс берушілер өте көп, бұл біздің қалыпты өмірге қайта келе жатқанымыздың тамаша белгісі болып табылады”, – деп баса айтты ол. “Мен Қазақстандағы сайлауға бақылаушы ретінде қатысқанымды мақтан етемін”, – деп түйіндеді Ф. Мартушелло.