Елордада кинотеатрлар жұмыс істей бастайды. Ертең елорда тұрғындары кинозалдарға бара алады деп хабарланды.
Нұр-Сұлтанда қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жанна Пралиеваның қаулысына сәйкес, 26 желтоқсаннан бастап кинотеатрлардың жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды міндетті түрде сақтау қарастырылады.
«Кинотеатрлардың толымдылығы отырғызу орындарының саны 30%-дан асырмай, көрермендерді екі орын сайын және қатар бойынша шахмат тәртібімен отырғызу арқылы, күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып кинотеатрлардың жұмыс жасауына рұқсат етіледі. Кинотеатрлар жұмыс, демалыс және мереке күндері сағат 10:00-ден 24:00-ге дейін жұмыс істейді, акциялар өткізілмейді. Егер карантин және шектеу шараларын бұзу фактісі анықталса, кинотеатрлардың жұмысы тоқтатылады», — деп хабарлады елорда әкімдігі.
Сонымен қатар мереке қарсаңында мейрамханалардың, кафелердің, барлардың, асханалардың жұмыс уақыты үлкен кезектер туындауына жол бермеу мақсатында 24 сағатқа дейін ұзартылады. Бұл ретте ғимарат ішінде 30 орыннан артық болмауы, санитарлық-эпидемиологиялық, санитарлық-профилактикалық шараларды сақталуы, үстелдер арасында кемінде 2 метр әлеуметтік арақашықтық сақталуы, әр үстелге 4-6 адамнан артық отырғызылмауы керек.
Жұмыс кестесі 22:00 дейін сақталатын тұрғын үй ғимараттарында орналасқан объектілерді қоспағанда.