Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан Қарулы Күштердің офицері Сәндібек Қайыровты наградтау туралы жарлыққа қол қойды.
Ол шабуыл жасалған Алматы әкімдігі ғимаратынан әскери қызметшілерді шығарып үлгерген, алайда өзі аман қала алмады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштердің офицерін наградтау туралы жарлыққа қол қойды
Сәндібек Қайыров қайтыс болғаннан кейін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.
Бұл туралы Ақорданың сайтында хабарланды.
« Әскери борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерлігі үшін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі 32363 әскери бөлімі командирінің орынбасары Сәндібек Ғалимоллаұлы Қайыров ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталсын (марқұм)», — делінген хабарламада.
Бұған дейін Сәндібек Қайыров шабуыл жасалған қала әкімдігінің ғимаратынан әскери қызметшілерді шығарып үлгерген, алайда өзі аман қала алмағаны хабарланған болатын.
Офицермен қоштасу рәсімінде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаза тапқан адамның туыстары мен жақындарына көңіл айтып, оның ерлігі әрдайым батылдық пен офицерлік абыройдың, әскери борышын орындаудың үлгісі болатынын атап өтті.