Еуропалық комиссия Украинаға қомақты қаржылай қолдау көрсету бастамасын көтеріп отырғаны белгілі болды. Жыл сайын Ресейдің Еуропалық Одақтағы бұғатталған активтерінен түскен 3 миллиард еуроны бөлу жоспарланып отыр.
Financial Times деректері бойынша Ресей Орталық банкінің активтерінен түсетін түсімдер бөлінетін болады. Алдымен Еурокомиссия бұғатталған активтерден түскен түсімді жеке шоттарға салады, артынан ЕО-ның жалпы бюджетіне аударылады.
Еурокомиссияның бағалауынша, бұл қаржы механизмі арқасында 2023-2027 жылдар аралығында жылына 3 млрд еуро немесе 15 млрд еуро түседі. Түсетін сома осы кезең ішіндегі пайыздық мөлшерлемеге байланысты.
Батыс елдері Ресейдің Украинаға баса көктеп кіруіне жауап ретінде 300 миллиард доллар сомасындағы ресейлік активтерді бұғаттады. Алдыңғы хабарландыруларға сәйкес, 2023 жылғы қазанда ЕО және АҚШ Ресейдің бұғатталған активтерінен түскен табысты Украинаға беру туралы өз шешімін растады. Алайда бұл қаражатты Украинаны қалпына келтіру үшін пайдалану еуроның беделіне кері әсер етуі мүмкін, деп есептейді ЕОБ сарапшылары.