Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Еуропалық одақ елдерінің Қазақстанның экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтіп, соңғы алты айда елге 5,2 млрд доллар инвестиция түскенін мәлімдеді.
«Қазақстан-Еуроодақ» диалогтық платформасының 13-ші отырысында салық және кеден жүйелерін жетілдіру, фармацевтика өнеркәсібін, геологиялық барлау мен аграрлық индустрияны дамыту, бизнеске лицензия, несие беру және қолдау көрсету, экспорттық-импорттық операцияларды жүргізу кезінде жүктемені азайту, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселе егжей-тегжейлі талқыланды.
Премьер-Министр өз сөзінде бүгінгі таңда Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті. Еуропалық инвестициялардың жалпы көлемі $175 млрд-тан асты. Атап айтқанда, 6 айда ЕО елдері ҚР экономикасына $5,2 млрд инвестиция салды. Қазақстанның сыртқы саудасында ЕО үлесі шамамен 30%-ды құрайды
Смайыловтың айтуынша, бүгінде ҚР экономикасының түрлі салаларында 3 мыңнан астам еуропалық компания табысты жұмыс істейді, олардың ішінде Shell, Eni, Air Liquide, Alstom және Claas сияқты ірі трансұлттық корпорациялар бар. Үкімет басшысы жасыл сутек өндірісі, Total-мен жел паркін салу, жаңа Knauf зауытының ашу және Scania көлік құралдарын құрастыруды іске қосу сияқты ірі жобалардың іске асырылып жатқанын атап өтті.
Әлихан Смайылов үкімет бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға және инвестициялық ахуалды жақсартуға бейілді екенін растады. Негізгі бастамалардың ішінде — 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы, Инфрақұрылымды дамытудың ұлттық жоспарын әзірлеу, жаңа Салық кодексіне әкімшілендірудің сервистік моделін енгізу және Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа әзірлеу бар.