Елордалық әуежайда екінші ұшу-қону жолағы мен теміржол салынады деп жоспарлануда.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Сондай-ақ екінші ұшу-қону жолағын салу, арнайы экономикалық аймақ ашу және авиаотынды жеткізу логистикасын жақсарту үшін теміржолдарды салу жоспарда бар», — деді «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Хамзин. 2027-2028 жылдары жолаушылар ағынының жоғары деңгейіне жетіп, сәйкесінше бұл ұшу-қону жолағының өткізу қабілетін арттыруды талап етеді деп күтілуде.
«Осы ретте жолақтағы, рульдеу жолақтары мен перрондағы жабынды, сондай-ақ жарық-сигналдық жабдықты ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Ұшу-қону жолағын жөндеу уақытша қолайсыздықтар туғызады, бірақ бұл мәселені шешуге ниеттіміз», — деп атап өтті Дәулет Хамзин.
Хамзин Астана әуежайы жолаушылар ағыны және 2023 жылы орындалатын рейстер саны бойынша Қазақстандағы ең ірі әуежай болуы тиіс деп санайды. Сондай-ақ, алдағы 5 жылда жүк тасымалын төрт еседен астам ұлғайту жоспарлануда.