Еліміздің Негізгі заңын қабылдаудың тарихи жолы

Еліміздің негізгі заңы біздің қоғамымыз бен еліміздің дамуының негізін қалаушы бастаулар жүйесін құрайды, мемлекеттілікті, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуды қамтамасыз етеді. Бұл құжатта Республиканың әрбір азаматының жеке бас бостандығы мен құқықтарына кепілдік берілген. Мақалада тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы қалай қабылданғаны баяндалған.

Қазақстанның басты құжаты — Конституцияның қабылданғанына 25 жыл болды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылғы 28 қаңтарда XII шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің IX сессиясында қабылданды. Еліміздің негізгі заңы КСРО ыдырағаннан кейін елдегі болған дағдарыс жағдайында әзірленіп, қабылданды.

Оны қабылдау мемлекеттік өзара қарым-қатынастың қазақстандық жүйесін қалыпқа келтіруге мүмкіндік берді, мемлекеттік басқару тетігінің ішкі саяси бағытын қайта бағдарлауға ықпал етті. Бірінші Конституцияда Қазақстанның тәуелсіздігі бекітілді, президенттік институт заң жүзінде рәсімделді және Мемлекет басшысына биліктің барлық атқарушы тармағының жоғары және жергілікті деңгейде жұмыс істеуі үшін саяси жауапкершілік жүктелді.

Айта кету керек, алғашқы демократиялық Конституцияны қабылдау — еліміздің өміріндегі тарихи және ауқымды оқиға. Алайда 1993 жылғы Конституция қысқа мерзімді перспективаларға ғана есептелді және шын мәнінде демократиялық құндылықтарды одан әрі дамыту, мемлекеттілікті қалыптастыру үшін негіз жасады. Бұл құжат екі жыл бойы жұмыс істеді.

Қазіргі қолданыстағы ел Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Бүгін ресми түрде ҚР Конституциясының күнімен дәл осы күн белгіленіп, республикалық деңгейде атап өтіледі. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде мерекелік шаралар, концерттер өткізіліп, халық қуанышқа бөленеді.

Ұзақ жылдар бойы Коституциялық кеңесті басқарған Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директоры, Қазақстан Республикасынан Венециялық комиссияның мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Игорь Рогов тәуелсіз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституциясын қабылдаудағы маңызды рөлін атап өтті.

«Конституция да, Қазақстанның конституциялық-құқықтық дамуы да, олардың негізінде қол жеткізілген еліміздің әсерлі жетістіктері — бұл біздің ұлттық көшбасшымыз — Нұрсұлтан Назарбаевтың жоспарлы жүйелі жұмысының нәтижесі. Ол салған қазақстандық мемлекеттіліктің құқықтық негіздері қоғам мен мемлекеттің даму процесінде туындайтын барлық сын-қатерлерді, оның ішінде жаһандық сын-қатерлерді табысты еңсеруді қамтамасыз ететін өзек болып табылады. Ал Республиканың қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүргізіп отырған саяси бағыттың сабақтастығы Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуіне кепілдік береді «, — деп атап өтті Игорь Рогов.

Жаңа Конституция қабылданар алдында оның қоғамда белсенді талқыланғанын атап өту қажет. Қазақстанда бұл мәселе бойынша 30 мыңнан астам ұжымдық талқылау өткізілді, үш миллионнан астам қазақстандық осы іс-шараларға қатысты. Пікірталас қорытындысы бойынша 30 мыңға жуық ұсыныс пен ескертулер енгізілді. Атап айтқанда, 55-бапқа 1 100-ден астам түзетулер мен толықтырулар енгізілді. Бүкілхалықтық референдум өткізу арқылы қазақстандықтар 1993 жылғы Конституциядан ерекше жаңа құжат алды.

Атап айтқанда, оған мынадай өзгерістер енгізілді — Парламенттің кең ауқымды өкілеттіктері мен функциялары Мемлекет басшысына өтті, Жоғарғы Кеңес таратылды, Парламент екі палаталы болды (Сенат пен Мәжіліс). Бұдан басқа, Парламент мемлекеттік бюджет пен заңдарды орындау жөніндегі бақылау функцияларынан айырылды; Парламенттің заң шығару функциясы үш институт — Президент, Үкімет және Парламент депутаттары арасында бөлінді; конституциялық және төрелік соттар таратылды. Алайда бұл құжатқа да кейіннен өзгерістер енгізілді. Нақтырақ айтсақ, қазіргі Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар төрт рет — 1998, 2007, 2011 және 2017 жылдары енгізілді.

Алғашқы өзгерістер мемлекет басшысы мен парламент депутаттарының жұмыс мерзімдері мен өкілеттіктеріне қатысты болды. Содан кейін 2007 жылы депутаттардың сайлануына қатысты өзгерістер енгізілді. Жаңа ереже бойынша қазақстандықтар нақты адамға емес, белгілі бір партияға дауыс беруге тиіс болды. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясына Парламент Мәжілісі мен Сенатына өз өкілдерін ұсыну құқығы берілді.

2011 жылғы ақпанда Конституцияға ел Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындаудың және өткізудің конституциялық негіздерін белгілеуге бағытталған өзгерістер енгізілді. Сол кезде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Елбасы» мәртебесін бекіткен толықтырулар енгізілді.

2017 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел Президентінің жекелеген өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке көшіруге бағытталған конституциялық реформа туралы жариялады. Сондай-ақ Халықаралық қаржы орталығына қатысты өзгерістер енгізілді, атап айтқанда, олар қаржы саласында ерекше құқықтық режим орнатуға мүмкіндік берді, террористік қылмыс жасағаны үшін, сондай-ақ елдің өмірлік маңызды мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін сот шешімі бойынша азаматтықтан айыру негіздерін көздеді. Сонымен қатар, ел Президентіне жоғары білімнің болуы жөніндегі талаптар толықтырылды.

Бүгінде тәуелсіздік жылдары Елбасы Нұрсұлтан Наразбаевтың бастамасымен Қазақстан Республикасында жүзеге асырылған ауқымды реформалар, қоғам өмірінің барлық салаларындағы даму деңгейі, жоғары халықаралық мойындау Конституцияның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени өзгерістердің берік өзегі болып табылатынын сенімді түрде дәлелдейді деп батыл айтуға болады. Негізгі заң күнделікті өмірде азаматтың барлық құқықтары мен бостандықтарының кепілі рөлін атқарады, оның үйлесімді дамуы үшін барлық қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді.

Добавить комментарий