Словакияда COVID-19 жұқтыру санының өсуіне байланысты ел халқын жалпымемлекеттік тестілеуге дайындалуда. Бұл туралы Премьер-Министр Игорь Матович баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды SME газеті.
Словакия Үкіметі басшысы коронавирус тестілеуден 10 жасқа дейінгі балалардан басқа барлығы өтуі тиіс деп мәлімдеді.
Тестілеу тегін болады деп атап өтілді. Бұл акция үшін үкімет 13 млн тестке тапсырыс берді.
Тестілеу бірнеше демалыс күндері қатарынан өтеді және 24-25 қазанда COVID-19 таралуы бойынша көш бастап тұрған өңірлерден басталады.
Премьер-министрдің айтуынша, жалпымемлекеттік тестілеу сайлау жүйесі бойынша өтуі тиіс. Тестілеуге арналған орындар сайлау учаскелерінде ашылады. Сынама алу пункттері шамамен 6 000 округте құрылады.
Премьер тестілеудің міндетті немесе ерікті болатынын айтуға әзірше дайын емес екенін атап өтті.
«Егер бұл біздің қолымыздан келсе, біз бүкіл әлемге үлгі бола аламыз», — деп мәлімдеді Игорь Матович.
Егер ауқымды акция сәтсіз аяқталса, үкімет басшысы отставкаға кетуге дайын, себебі ол бүкіл халықты тестілеу — аурудың өсуін тоқтатудың жалғыз жолы деп санайды.
Словакия халқы шамамен 5,5 млн адамды құрайды.
Соңғы мәліметтер бойынша, елде 28 268 COVID-19 жағдайы тіркелген, соңғы тәулікте өсім 1 968 адамды құрады. Пандемия басталғалы бері 82 адам қайтыс болды, олардың 11-і соңғы тәулікте.