Елбасы президенттік резервке іріктеу жүргізуді тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы президенттік жастар кадрлық резервіне тағы бір конкурстық іріктеу өткізуді тапсырды. Бұл туралы ол Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғановамен кездесу барысында мәлімдеді.

Анар Жайылғанова мемлекеттік әкімшілік қызметтің кадр саясатын қалыптастыру, мемлекеттік қызметкерлердің салалық заңнама мен этикалық нормаларды сақтауын бақылау, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету сапасының ахуалы туралы баяндады.

Мемлекет басшысы президенттік жастар кадрлық резервімен жұмысты жалғастыруды, оған қатысушылардың жұмысқа орналасуына мониторинг жүргізуді және олардың резерв құрамында болу шарттарын реттеуді тапсырды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы президенттік жастар кадрлық резервіне тағы бір конкурстық іріктеу өткізуді тапсырды, бұл ретте мемлекеттік органдардың қажеттіліктерін ескере отырып, іріктелетін кандидатуралар санын азайтты.

Сондай-ақ, бүгін, 17 тамызда Мемлекет басшысы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваны қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев министрлік жұмысының қорытындылары туралы, сондай-ақ ведомствоның одан арғы қызметінің перспективалық тәсілдері туралы ақпаратты тыңдады.

Кездесу барысында ақпараттық саясат және азаматтық қоғам мәселелеріне ерекше назар аударылды. Аида Балаева отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік бастамаларын мемлекеттік қолдау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру туралы баяндады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті министрліктің алдына бірқатар нақты міндеттер қойды.

Добавить комментарий