Қазақстан Үкіметі МАЭК-тің ескі жабдықтарын ауыстыруға 4,9 млрд теңге бөлді. Маңғыстау атом энергетикалық кешенін жөндеуге бөлінетін қаражат үкіметтік резервтен алынады. «МАЭК» ЖШС ұсынған тізім негізінде қажетті қосалқы жабдықтар мен тораптарды (компоненттерді) сатып алуға қаржыландыру тетіктері қарастырылды, деп хабарлады Министрлер кабинетінің баспасөз қызметі.
«Апаттық жағдайдағы құрамдас бөліктерді ауыстыру электр стансаларының генерациялаушы жабдықтарын тоқтату және тұтынушылар үшін шектеулер енгізу тәуекелдерін барынша азайта отырып, жабдықтың техникалық жай-күйі мен жұмысқа қабілеттілігін сақтауға және жұмыс кезінде олардың сенімділігі мен қауіпсіздігін бақылауға мүмкіндік береді», — делінген хабарламада.
3 шілдеде МАЭК 1-ші энергоблок ажыратылды, соның салдарынан Атырау және Маңғыстау облыстары электр қуатынсыз қалды. МАЭК мен АМӨЗ болған апаттардың себептерін тексеру жөніндегі мемлекеттік комиссия энергия кәсіпорындарының жұмысындағы жүйелі кемшіліктерді анықтады.