Екібастұз: Балаларға арналған діни әдебиеттерді заңсыз сатудың жолы кесілді

Қазақстанда балаларға арналған діни мазмұндағы әдебиет пен кеңсе тауарларын заңсыз сату фактісі анықталды.

Екібастұзда балаларға арналған діни әдебиеттер заңсыз сатылды, деп хабарлайды Қазақстанның ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

«Павлодар облысы Екібастұз қалалық полиция басқармасының қызметкерлері Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған діни мазмұндағы әдебиетті және өзге де ақпарат тасығыштарды сатумен, таратумен, сақтаумен байланысты заңбұзушылықтарды анықтауға бағытталған жедел-профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде жүргізеді», — делінген хабарламада.

Полиция Instagram әлеуметтік желісіне мониторинг жүргізу барысында парақшалардың бірінен кітаптар, дәптерлер, сондай-ақ діни мазмұндағы балаларға арналған басқа да құралдар сату фактілері анықталғанын атап өтті.

«Жүргізілген тексеру шараларының нәтижесінде пайдаланушы Екібастұз қаласының 38 жастағы тұрғыны екені анықталды. Аталған дерек полицияда тіркелді. Сараптама қорытындысы бойынша, Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзғаны үшін азаматша ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», — деп хабарлады Павлодар облысы Екібастұз қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Сексембаев.

Тәртіп сақшысы есептік кезеңінде Екібастұз қаласының полиция қызметкерлері діни қызмет бойынша бұзушылық жасағаны үшін тоғыз адамды жауапкершілікке тартқанын атап өтті. Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 9-бабының 2-тармағына сәйкес діни мазмұндағы әдебиеттер мен діни мазмұндағы өзге де ақпарат тасығыштарды тек ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), рухани (діни) білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстар мен қалалардың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген орындарда сатуға, таратуға, сақтауға рұқсат берілетінін еске саламыз.

Добавить комментарий