Қазақстанның екі құс фабрикасы баға белгілеу бойынша сөз байласты деген күдікке ілінді. Қазіргі уақытта тергеу барысында «Павлодар Құс» ӨК» ЖШС мен «Шарбақты-Құс» ЖШС басшылығының әрекеттеріне қатысты мән-жайлар анықталады.
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарлағандай: «Павлодар облысы бойынша монополияға қарсы департамент тауық жұмыртқасын өндіру және көтерме сату нарығына жүргізген талдау қорытындылары бойынша С-1 санатындағы жұмыртқаларға бағаларды белгілеу кезінде бәсекелестікке қарсы келісілген іс-қимыл белгілері анықталды».
Талдау нәтижелері негізінде агенттік «Павлодар Құс» ӨК» ЖШС мен «Шарбақты-Құс» ЖШС қатысты тергеу бастады.
Сондай-ақ, Алматы облысындағы құс фабрикаларында бағалық сөз байласу белгілері анықталды. «Қазақстан құстары» ЖШС мен «Когер ЛТД» ЖШС С-1 санатты тауық жұмыртқасының бағасын белгілеу бойынша сөз байласқан. Агенттік проблеманы жоюды қажеттігі туралы компанияларға хабарлама шығарды. Нәтижесінде «Когер ЛТД» ЖШС жұмыртқа бағасын 12,5%-ға, ал «Қазақстан құстары» ЖШС 3,2%-ға төмендетті.