ЕЭК адами капиталды дамытуды ұсынды

ЕЭК ЕАЭО елдері аумағында адами капиталды дамыту үшін инвестиция салуды ұсынады.

Еуразиялық үкіметаралық кеңес 5 ақпан күні өткен отырыста Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріндегі макроэкономикалық ахуал және тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар туралы баяндаманы қарады. Бұл туралы ЕЭК-нің баспасөз қызметі хабарлады.

Баяндамада атап өтілгендей, пандемияның әлемдік экономикаға әсері шектеу шараларының ұзақ уақытқа созылуына және еңбек өнімділігінің төмендеуіне байланысты күтілгеннен анағұрлым елеулі болып шықты. 2020 жылдың қорытындысы бойынша ЕАЭО ЖІӨ өсімінің қарқыны 3,9%-ға қысқарады, ал 2021-2023 жылдары ішкі және сыртқы сұранысты қалпына келтіру нәтижесінде тиісінше 3,2%, 3,1% және 2,5%-ға өседі деп күтілуде.

Комиссияның пікірінше, экономиканы қалпына келтіру және тұрақты экономикалық даму траекториясына шығу үшін инновацияларды ынталандыру және ғылыми әзірлемелердің нәтижелерін өндірістік процестерге енгізу қажет. Атап айтқанда, елдерге өндіріске инновацияларды енгізуге инвестициялайтын ұйымдарды қолдау және зерттеулерге жеке инвестицияларды көтермелеу ұсынылады.

Комиссия ғылыми-технологиялық дамудың басым бағыттарына қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды, биотехнологияларды (молекулалық биология, гендік инженерия, жасушалық технологиялар), нанотехнологияларды, цифрлық және лазерлік технологияларды, зымыран-ғарыш өнеркәсібін, спутниктік және оптикалық-талшықты байланыс жүйелерін, қазіргі заманғы экологиялық технологияларды жатқызады.

Баяндама авторлары адами капитал бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторына айналатынын айтады.

«Мемлекет алдында бірқатар міндеттер тұр: білім беру жүйесін болашақ еңбек нарығының жаңа қажеттіліктеріне қайта бағдарлау, таланттарды жаппай тәрбиелеу технологиясын әзірлеу, ересектер үшін қосымша білім беру және біліктілікті ауыстыру жүйесін дамыту, халықты алдын алу медицинасына тарту арқылы денсаулық сақтау жүйесін дамыту, әлеуметтік лифтілерді қамтамасыз ету, атаулы әлеуметтік көмек жүйесін жолға қою», — делінген баяндамада.

Қазіргі уақытта ЕАЭО мемлекеттерінде адами капиталды дамытуға жұмсалатын мемлекеттік шығындар деңгейі дамыған елдердің деңгейінен төмен қалып отыр. Көптеген дамыған елдерде білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет шығындары ЖІӨ-нің шамамен 15%-ын құрайды, ал ЕАЭО-да тек 8%-ды құрайды.

«Теңсіздік пен кедейшіліктің өсуі экономикалық өсімді тежейтін болады. Әлеуметтік саладағы проблемалық мәселелерді шешу (жұмыссыздық, еңбек өнімділігінің төмендігі, кедейшіліктің жоғары деңгейі), сондай-ақ мүше елдердегі білім беру және әлеуметтік инфрақұрылым жүйесін жаңғырту экономикалық дамуды айтарлықтай жеделдетуге мүмкіндік береді», — делінген баяндамада.

Добавить комментарий