ЕАЭО-дағы сыртқы сауда $596 млрд-тан асты

Еуразиялық экономикалық комиссияның баспасөз қызметі хабарлағандай, Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) сыртқы сауда көлемі биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында $596 млрд-тан асты.

«ЕАЭО-ның ЕАЭО-дан тыс елдермен жасаған сыртқы сауда көлемі 2021 жылғы қаңтар-қыркүйек айларвнда $596,1 млрд құрады, оның ішінде экспорт — $366,7 млрд, импорт — $229,4 млрд. Былтырғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда тауар айналымы 32,7%-ға немесе $147 млрд-қа, экспорт — 38,9% немесе 102,7 млрд, импорт — 23,9% немесе $44,3 млрд-қа артты», — делінген хабарламада.

ЕЭК мәліметінше, сыртқы сауда айналымы 2019 жылғы қаңтар-қыркүйек ковидке дейінгі кезеңмен салыстырғанда 10,9%-ға немесе $58,5 млрд-қа артты.

«Сыртқы тауар саудасының оң сальдосы $137,3 млрд құрады, ол 2020 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында $78,9 млрд болған», — делінген хабарламада.

Аталып өткендей, тауар экспорты Беларусьта 49%-ға, Ресейде 42%-ға, Қазақстанда 18,2%-ға, Арменияда 13,4%-ға ұлғаюына байланысты 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда ЕАЭО-дан тыс елдерге тауар экспорты көлемі өсті.

«2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ЕАЭО-дан тыс елдерден тауарлар импортының көлемі Қырғызстанда — 60,5%-ға, Ресейде — 28,8%-ға, Беларусьта — 10,5%-ға және Арменияда — 9%-ға артты», — деп қосты ЕЭК.

Добавить комментарий