Депутаттар жалақыдан жалақыға дейін өмір сүреміз деп шағымданды

Халық қалаулылары еңбекақыны көтеруге мораторий енгізілуіне қатысты пікір білдірді.

Мәжілісмендердің айтуынша, олар айына кемінде 600 мың теңге алады.

«Ай сайын 600 мың теңге шамасында қаражат аламын. 150 мың теңгедей азық-түлікке кетеді. Өйткені көпбалалы отбасымыз. Қалғаны бәріне жетеді», — деді депутат Елнұр Бейсенбаев.

Депутат Ерлан Саиров жалақыдан жалақыға дейін өмір сүретінін айтты.

«Менің банк картам әйелімде. Ол 630-650 мың теңге түседі дейді. Етті ауылдан аламыз — туыстарымыз жібереді. Өздеріңіз білесіздер, инфляция, баға өсіп жатыр. Сондықтан біз жалақыдан жалақыға дейін өмір сүріп жатырмыз десек болады», — деп атап өтті ол.

Депутат Жанарбек Әшімжан мәжілісмендердің жалақысы соншалықты жоғары емес деп санайды.

«Бұдан да төмен айлықпен күн көріп келдік қой. Соншалықты жоғары айлық алам деп есептемеймін. Миллион деп айтып жатады, ол- қате. Мен нақты 600 мың теңге аламын», — деді Жанарбек Әшімжан.

Бұл ретте өңір әкімдері депутаттарға қарағанда жоғары жалақы алады. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айлығы шамамен 900 мың теңге.

Алайда, еліміздегі ірі ұлттық компанияларда жұмыс істейтін қызметкерлер кемінде үш млн теңге алады.

Дегенмен халық қалаулысы жалақысын қарапайым жұмысшының, емханадағы медбикенің, автобус жүргізушісінің жалақысымен салыстырмады.

Ол КСРО-да депутаттардың еңбек ұжымдары ортасынан сайланып, ешқандай жалақы алмай, жұмыс істегенін ұмытқан сыңайлы.

Анықтама! Кеңес делегаттары жылына екі рет бірнеше күнге созылатын сессияға қатысып, қалған уақытында жұмыс орнында бас алмай жұмыс істегенін, сол үшін жалақы алып отырған. Оларға депутаттық қызметке байланысты шығындарын — іссапар және басқа шығындарын өтеген.

Еске салайық! 11 қаңтарда Мәжіліс отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметкерлердің жекелеген санаттарының жалақысын көтеруге бес жылдық мораторий жариялады. Сол кезде президент бұл депутаттар үшін жағымды жаңалық болмауы мүмкін, бір түсіністікпен қарау керек деді.

Добавить комментарий