Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшылары COVID-19-ға қарсы вакцинация туралы сұрақтарға жауап берді (1-ші б.)

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы вакцинация туралы жиі қойылған сұрақтарға жауап берді. Олардың арасында: коронавируспен ауырып шыққандарға вакцина салдыру керек пе, екпе қаншалықты қауіпті және олар аллергиялық реакция тудыруы мүмкін бе.

1. Қазақстанда вакцинация міндетті және мәжбүрлі бола ма?

Қазақстанда вакцинация ерікті болып табылады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық процедура, оның ішінде вакцинация екпе алатын адамның ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі.

Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған, кез келген қысым көрсету заңсыз болып табылады.

2. Коронавирусқа қарсы вакцинаны кім ала алады?

Вакциналау вакцинаның жеткізілуін ескере отырып кезең-кезеңмен жүзеге асырылады, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.

Бірінші кезеңде вакцинациямен жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел медициналық жәрдем, жан сақтау, МСАК, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкерлері қамтылады.

Екiншi кезеңде вакцинациялау жалпы бiлiм беретiн мектептердiң, жоғары оқу орындарының мұғалімдерін, бiрiншi кезеңге кiрмеген медициналық қызмет қызметкерлерiн қамтиды. Үшінші кезең мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің мұғалімдерін, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдарды қамтиды.

Бұдан басқа, кейіннен халықтың қосымша осал топтарын: ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, мемлекеттік қауіпсіздік қызметі қызметкерлер және т.б. арқылы контингентті кеңейту жоспарланып отыр.

3. Вакцинация ақылы бола ма? Бір екпенің құны қанша?

Халықтың осал топтары үшін коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация тегін негізде ұсынылады.

4. Коронавирусқа қарсы вакцина қауіпті ме? Вакцинаның жанама әсері бар ма?

Қарсы көрсеткіштерді анықтау үшін вакцинаға нұсқаулық жасалуы, вакцинаға қарсы көрсетілімдері, иммундаудан кейінгі ықтимал жағымсыз көріністері, вакцинаны енгізу әдістері және сақтау және тасымалдау шарттары туралы толық мәліметтер қажет.

«Осыған байланысты қазіргі уақытта қарсы көрсеткіштерді тізіп шығу мүмкін емес. Айта кету керек, кез келген вакцинаны салған кезде адам организмі иммунитетті қалыптастыратынын, сондай-ақ иммундаудан кейінгі жағымсыз көрсеткіштер пайда болады, оның ішінде дене температурасы жоғарылауы, вакцина салынған жердің қызаруы және ісінуі бар», — делінген жауапта.

5. Коронавирусқа қарсы вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін бе?

Кез келген вакцинаны салмас бұрын медицина қызметкері екпе алатын адамда аллергияның бар-жоғын анықтайды. Егер ауыр аллергиялық ауру болса, адамға вакцинациядан медициналық бас тарту мүмкіндігі беріледі.

«Аллергиялық реакцияны алдын ала болжау мүмкін емес, өйткені әрбір организм ерекше. Дер кезінде білу үшін адам вакцинаны салдырғаннан кейін алғашқы 30 минут медициналық бақылауда болуы керек: дәл осы аралықта вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін», — деп хабарлайды ведомстводан.

6. Қарағанды зауытында шығарылған вакцина қайда қолданылады?

Қарағанды фармацевтикалық кешені базасында шығарылған вакцина тек Қазақстанда ғана пайдаланылатын болады.

7. Неліктен екпені міндетті түрде екі кезеңде алу керек?

Коронавирусқа қарсы вакцинаны 21 күн аралықпен екі кезеңде салдыру керек. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіру есебінен қысқа мерзімді қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және бекітеді, адам ағзасындағы антиденелердің саны өседі, дейді дәрігерлер.

8. Ресейлік «Спутник V» вакцинасының сапасы жеткілікті деңгейде тексеруден өтті ме?

«Аталған вакцина РФ-да мемлекеттік тіркеуден өтті және бірнеше ай бойы халықтың осал топтарын иммундау үшін пайдаланылады. РФ Тікелей инвестициялар қорының мәліметінше, осы вакцинаны сатып алуға 50-ге жуық ел өтініш берген, ал кейбір елдер (Беларусь, Аргентина, Сербия) қазірдің өзінде сәтті қолдануда.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына тіркелмеген дәрілік заттарды әкелу кезінде дәрілік заттың сапасын растайтын, қазақ немесе орыс тілдеріндегі аудармасы бар (талдау сертификаттары немесе сынақ хаттамасы немесе сапаны бағалау көрсеткіштері бар сапа паспорты) өндірушінің құжатының электрондық көшірмесінің болуы міндетті.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 850 қаулысымен Қазақстан Республикасында өндірілген COVID-19 коронавирусына қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу қағидалары бекітілді», — делінген жауапта.

Мақаланың жалғасын мына жерден оқи аласыз.

Добавить комментарий