Денсаулық сақтау министрінен вакцинация туралы статистикада коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасын салдырғандар енгізілгендіктен, Қазақстанда вакцина салдырғандар саны туралы деректерді ашық айтуды сұрады.
Мәжіліс отырысында палата спикері Нұрлан Нығматулин Алексей Цойдан халық пен журналистерге вакциналау жөніндегі сұрақтарға нақты жауап беруін сұрады.
«Журналистермен, халықпен кездескен кезде қолда бар сандарды жасырмай, нақты айтыңыз. Ал, бұл эквилибристика бәрін шатастырды. Сіз қазір ғана 21 күн дедіңіз. Орынбасарларыңыздың бірі 90 күн дейді. Сіз қазір максимум 45 күн деп отырсыз. Бәрін шатастырдыңыз! Біз халықаралық стандарт аясында жылжып келеміз. Сіздердің дипломдарыңызды қарасақ, барлығы денсаулық сақтау саласында ұйымдастырушы, тағы бір нәрсе. Ендеше вакцинацияны ұйымдастырыңыздар! Бір ақпарат шығады, содан кейін сіздің басқа қызметкеріңіз басқасын айтады. Жұрттың басын ауыртпайық. Екі вакцинация болса, екеуінен өту керек. 15 күннен кейін антиденелер деген — ақталу, Алексей Владимирович. Екі вакцинадан кейін (вакцинаның екі компонентін салдыру. — автор.) вакциналанған болып саналады. Осы жерден есеп жүргізіңіздер», — деді Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин.
Бұған дейін министр Қазақстанға 2,3 миллион доза вакцина жеткізілгенін, 1,4 миллион адамға бірінші компонент егілгенін хабарлаған болатын.
«Сіз вакцинацияның ерікті түрде жүргізілетінін білесіз. Біз вакцинаға барынша қолжетімділікті қамтамасыз еттік. Барлық өңірлерде вакцина бар. 1400-ге жуық вакциналау пункті ұйымдастырылды. СОО-да ұжымдарға шығатын 300-ге жуық көшпелі бригада бар. Вакцинация жеткілікті қарқынмен жүргізілуде.
Бірінші дозаны алған адамдар екінші компонентті 21 және максимум 45 күннен кейін егіледі.
Бірінші компонентті салдырғаннан кейін де 15-іші күні антиденелер пайда болатынын түсіну керек. Жеткізудің нақты кестелері бар. Біз өңірлермен жұмыс істейміз. Кеше 117 мың адам вакцина алды, қарқын артып келеді. Бастапқыда тұрғындар вакцинаға аса сақтықпен қарады. Қазір олар көптеген таныстарының егілгенін көрді. Асқыну болмағанын байқады. Біз азаматтардың белсенділігі артып келе жатқанын көріп отырмыз», — деді министр.