Дания мен Германия теңізде жел электр станциясын салады

Дания мен ГФР Ресей газына тәуелділікті азайту мақсатында Балтық теңізінде энергетикалық арал салуды жоспарлап отыр.

Құны 9 миллиард еуро болатын жел энергетикалық орталығы Еуропаның ресейлік газға тәуелділігінен бас тарту процесіндегі айтарлықтай қадам болмақ, деп хабарлайды Bloomberg басылымы.

Energy Island бірнеше жел парктерін біріктіріп, олар өндіретін энергияны екі елге бөледі. «Энергетикалық арал» 2030 жылы іске қосылғаннан кейін жобаның қуаты 3 гигаваттан асады, ол 4,5 млн үй шаруашылығына жетеді.

«Еуропада алғаш рет екі ел осындай жоба бойынша әріптестік орнатты», — деп атап өтті Германияның энергетика министрі Роберт Хабек.

Дания басшылығы жобаны жүзеге асыру үшін инфрақұрылымға 3 млрд еуро және оффшорлық жел паркі үшін 6 млрд еуро инвестиция тарту керек екенін хабарлады. Жоба іске қосылғаннан кейін Балтық елдері мен Польша оған қосылу мүмкіндігіне ие болады.

Хабектің пікірінше, «энергетикалық арал» ресейлік газды Еуропаға жіберетін үлкен құбырлардың жанынан өтеді.

Еуропалық комиссия 2050 жылға қарай Еуропаның оффшорлық жел электр станцияларының қуатын қазіргі 12 гигаваттан 300 гигаватқа дейін арттырмақ.

Добавить комментарий