Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сенімнің артқанын атап өтті. Бұл орайда қазақстандықтардың 1424 колл-орталығына сыбайлас жемқорлық дерегі туралы хабарлауы ерекше рөл атқарады.
Операторлар тәулік бойы сыбайлас жемқорлық және бизнеске қысым көрсетілгені туралы хабарламаларға жауап береді, шағымдар, пікірлер қабылдайды, консультациялық көмек көрсетеді.
10 ай ішінде 1424 колл-орталығына 63 өтініш келіп түсті, оның 30-ы «Ақпаратты есепке алу кітабында» тіркелген. Олар бойынша қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасы шеңберінде жұмыстар жүргізілуде.
«Биыл біз Департаментке 2 мыңнан астам өтінішті тіркедік. Көбінесе өтініш берушілер қаланың нақты құрылысына, қоршаған ортаның ластануына, білім беру және денсаулық сақтау салаларында қызмет көрсетуге наразы. Бизнестің бақылаушы органдардың әрекетіне қатысты шағымдары жиілеп кетті», — деп хабарлады Алматының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Данияр Таумұрат.
Сондай-ақ, спикер Алматы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен көмек көрсеткен тұлғаларды көтермелеу қағидаларын іске асыру бойынша жұмысты тұрақты негізде жүзеге асыратынын атап өтті.
Мәселен, биыл сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған 6 адам 1,2 млн теңге алды.
Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған, оған өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі пәрменді тетік болып табылады.
Сыйақы сомасы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты. Пара немесе келтірілген залал сомасы 1 мың АЕК-ден (2 917 000 тг) аспайтын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлағаны үшін сыйақы көлемі 30-ден 100 АЕК-ке дейін болады.
Көрсетілген сомадан жоғары — сыйақы 10% құрайды, бірақ 4 мың АЕК-ден (11 668 000 тг) аспайды.