COVID-19 күресу үшін қосымша 238 млрд теңге бөлінеді

Мәжіліс отырысы барысында 2020-2022 жылдарға арналған нақтыланған республикалық бюджет туралы заң жобасына түзетулер мақұлданды. Өзгерістердің негізгі мақсаты — дәрігерлерге материалдық қолдау көрсету үшін қаражат бөлу және коронавирустық инфекцияның ықтимал екінші толқыны бойынша іс-шараларды қаржыландыруды қамтамасыз ету.

Бұл міндеттерді шешу үшін 238,7 млрд теңге сомасында қосымша шығындар қарастырылған, — деді Қазақстанның қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, шығындар карантиндік іс-шараларды өткізуге тартылған медицина қызметкерлеріне жалпы сомасы 143,4 млрд теңге қосымша ақы төлеуге бағытталады. Бұдан басқа, ТМККК шеңберінде COVID-19 таралуына жол бермеу мақсатында медициналық қызметке ақы төлеуге — 83,2 млрд теңге, эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін ішкі істер органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы төлеуге — 11,7 млрд теңге.

Әкімшілер ұсынған қаражатты қайта бөлуді ескере отырып, экономиканың нақты секторын дамытуға және күш құрылымдарын әлеуметтік қолдауға 261,7 млрд теңге сомасында шығындар қарастырылған. Аталған қаражат есебінен өмір сүру сапасын жақсартып, халықтың табысын арттыра отырып, өндірісті ынталандыруға бағытталған бірқатар шаралар мен жобаларды іске асыру жоспарлануда, — деп қосты Қаржы министрлігінің басшысы.

Бұдан басқа, бюджетті нақтылау шеңберінде Президент Жарлықтарына сәйкес мемлекеттік органдардың құрылуына және қайта ұйымдастырылуына байланысты қаражатты қайта бөлу жүзеге асырылды. Осылайша, республикалық бюджет түсімдері 185 млрд теңгеге ұлғайтылып, 12 трлн теңгені құрайды. Республикалық бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге қатысты 3,5% деңгейінде сақталды. Республикалық бюджет шығыстарының көлемі 205 млрд теңгеге ұлғайтылып, 14,5 трлн теңгені құрайды.

Добавить комментарий