COVID-19-ға қарсы вакцинациядан соң демалыс беріле ме?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов азаматтарымыз коронавирусқа қарсы вакцина алғаннан кейін жұмыстан босатыла ма деген мәселеге түсініктеме берді.

«Иә, қазір жаппай вакцинация жүріп жатыр. Бұл өте дұрыс шара, себебі кез-келген кәсіпорынның, тіпті біздің ұйымның арғы қарайғы жұмыс істеу тәртібі вакцинация көлеміне байланысты», — деп еске салды Біржанов ОКҚ өткен брифингте.

Ол министрлік қызметкерлері де вакцина салдырып, барлығы жұмыс орнына оралғанын айтты.

Өзін жайсыз сезіну жайлы айтатын болсақ, оның айтуынша, ондай адамдар көп емес.

«Әр организм жеке. Егер жанама әсер пайда болса вакцинациядан кейін 30 минут уақыт бар, адам бақылауда болады. Қандай да бір жанама әсер болса, дәрігерге жүгіне алады. Егер дәрігер оны қарап, қандай да бір ауру белгілерін анықтаса, онда ол адамға демалыс парақшасын ашуға болады. Мұның бәрі жеке-жеке қаралады. Екпе салдыртқандардың барлығына жаппай демалыс күнін бөлу, менің ойымша, орынсыз секілді», — деп түсіндірді вице-министр.

Добавить комментарий