COVID-19-ға қарсы вакцинацияға қатысты тағы бір фейк ақпарат әшкереленді: манипуляция

Қазақстанда тағы бір фэйк ақпарат әшкереленді. Әңгіме ғылыми ақпаратты манипуляция қылып пайдалану туралы болып отыр.

Танымал Telegram-каналдардың бірі коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация өлім қаупін тудыратыны ақпаратты таратты.

Pfizer-BioNTech өндірген вакцинаның бірінші дозасы аса қауіпті ауру – уытты эпидермалдық некролиз тудырады. Бұл туралы ғылыми журналдар жазған екен. Сондай-ақ ақпарат балаларды осындай қауіпті вакцинадан қорғауға шақырады. Бұл жаңалықты талдап, ақпарат авторы сүйеніп отырған ғылыми мақалада, шын мәнінде, не жазылғанын айтайық.

Мақала Желіде баршаға қол жетімді. Онда COVID-19-ға қарсы вакцинациядан кейін уытты эпидермалдық некролиздің дамуының бір ғана жағдайы сипатталған.

12 жастағы қыз егілгеннен кейін алтыншы күні ауыра бастаған. Ол ауруханаға жатқызылып, қажетті ем-дом қабылдады. Жалпы алғанда, 18 күн емделіп, толық сауығып шыққан.

«Талқылау» бөлімінде мақала авторлары вакцинациядан кейін уытты эпидермалдық некролиз өте сирек дамиды деп жазған.

Бүгінде мұндай асқыну әлемде бес миллиардтан астам егілген адамның тоғызында ғана тіркелген. Оның үстіне тоғыз науқастың бесеуінде гиперлипидемия, қант диабеті және сүт безі қатерлі ісігі сияқты ілеспе аурулар болған және олар үнемі күшті дәрі-дәрмек қабылдаған.

Желіде уытты эпидермалдық некролиздің дамуының тағы да сегіз жағдайы егжей-тегжейлі сипатталған.

Айта кетерлік жайт, мұндай реакция нақты бір емес, әртүрлі өндірушілердің препараттарымен егілген адамдарда болған. Вакцинация мен некролиз симптомдарының пайда болуының арасындағы кезең 1-10 күнді құраған. Сондай-ақ сипатталған жағдайлардың бәрінде пациенттер толық жазылып шыққан.

Жоғарыда айтылғандардан мынадай қорытынды жасауға болады. Біріншіден, уытты эпидермалдық некролиздің дамуы COVID-19 қарсы вакцинация салдарынан өте сирек болады. Ол егілген бес миллиардтан астам адамның тоғызында ғана тіркелген. Екіншіден, тиісті ем алған жағдайда науқас салыстырмалы түрде қысқа мерзімде толығымен жазылады және асқынулар болмайды. Үшіншіден, осындай сирек қолайсыз реакцияның болу қаупінен вакцинацияның пайдасы зор.

Демек, таратылған ақпарат адамдарды шатастырады. «Балаларды қорғауға» үндеу балаларда некролиз жиі болады және егілгендер инъекциядан кейін бірнеше күн өткен соң өліп кетуі мүмкін деген ойға итермелейді. Шындығында, бұл олай емес.

 

Добавить комментарий