Чехияда халықты вакцинациялау процесі уақытша тоқтатылды. Бұл препараттың жетіспеушілігіне байланысты. Екпе алуға ниет білдіргендерді тіркеу тоқтатылды.
Чехия денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектің жетіспеушілігіне байланысты коронавирусқа қарсы вакцинациялау процесін сәрсенбіден бастап тоқтата тұруды ұсынды. Бұл американдық Pfizer компаниясының және оның германиялық серіктесі BioNTech-тің шарттық міндеттемелерінің орындалмауына байланысты. Бұл туралы журналистерге Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Барбора Петерова хабарлады.
«Республикада [Pfizer/BioNTech жеткізетін] вакцина жетіспейді , — деп атап өтті ол. — Оның жетіспеушілігінен біз [Денсаулық сақтау министрлігі] вакцинациялау процесінің аймақтық үйлестірушілеріне бүгінгі күннен бастап екі аптаға дейін коронавирусқа қарсы алғашқы екпе процедураларын жүргізуді тоқтатып, тек қайта [екпе] жүргізуге ғана мән беруді ұсындық. Шешім соларда қалады. Ол жергілікті жерлерде қабылдануы тиіс».
Чехияда сәрсенбіден бастап вакцина салдыруға ниет білдірушілерді тіркеу уақытша тоқтатылды. Екпені әзірге 80 жастан асқан азаматтар мен коронавирусқа қарсы күрестің бірінші желісіне тартылған дәрігерлер ғана жасай алады. Чехия билігі Pfizer/BioNTech кәсіпорындарындағы техникалық проблемаларға байланысты елге вакцина жеткізу күрт қысқарғанын хабарлады. Жағдайды ақпанның ортасына қарай еңсеру керек.
Сонымен қатар, премьер-министрдің халықты вакцинациялау мәселелері жөніндегі кеңесшісі және республиканың денсаулық сақтау экс-министрі Роман Прымула сәрсенбі күні «Құқық» газетінің сайтында жарияланған сұхбатында Чехия билігі «Спутник V» коронавирусына қарсы ресейлік вакцинаны сатып алу мүмкіндігін талқылап жатқанын хабарлады. Денсаулық сақтау министрлігі өз кезегінде Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігінде тіркеуден өтпеген препараттарды сатып алуды жоспарламайтынын мәлімдеді.
Халық саны 10,71 млн адамды құрайтын Чехияда ерікті және тегін вакцинация 27 желтоқсанда басталды. Денсаулық сақтау министрлігі күзге қарай барлық ниет білдірушілерге вакцина салады деп жоспарлап отыр.
Елдегі ересек тұрғындардың кемінде 75%-ы коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға міндеті қойылды. БАҚ-та азаматтарға вакциналау қажеттілігін түсіндіру науқаны басталды.