2024 жылы ҰБТ тапсыратын талапкерлерді тестілеу процесінде айтарлықтай өзгерістер күтіп тұр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары білімді оңтайлы етуге және ҰБТ тапсырмаларын жетілдіруге бағытталған реформалар туралы жариялады.
Оның мәлімдемесіне сәйкес, нәтижелерді қалыптастыру мен талдауда психометриялық тәсілдерді қолдана отырып, стандартталған форматқа көшеді. ҰБТ-да тест сұрақтарының саны өзгереді, сондай-ақ бейіндік пәндерге жаңаша тапсырмалар қосылып, тестілеу уақыты қысқарады.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады.
Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды. Енді ҰБТ тапсыруға оқушыларға 3 сағат 30 минут (210 минут) бөлінеді. Бұрын 4 сағат (240 минут) берілген. Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Биылғы тағы бір жаңалық шығармашылық бағыттарды таңдаған талапкерлерге қатысты, енді олар «Қазақстан тарихы» мен «Оқу сауаттылығы» пәндерімен қатар «Математикалық сауаттылықты» міндетті пән ретінде тапсырады. Министр «Математикалық сауаттылықтан» тест тапсырмалары өмірде математикалық логика бойынша алған білімдерін, дағдыларын қолдана алуын тексеруге бағытталғанын атап өті.
Бейіндік пәндердің комбинациясы бойынша да өзгерістер бар. Оқушылардың, ата-аналардың және педагогикалық қауымның пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, «B059 – Коммуникациялар және коммуникациялық технологиялар», «B055 – Математика және статистика», «B063 – Электротехника және автоматтандыру» білім беру бағдарламаларының топтарына түсушілер «Математика-Информатика» комбинациясын тапсырады.
Егер ақылы негізде түсу үшін ҰБТ тапсырудың тағы үш мүмкіндігі бар екенін ескеретін болсақ, онда 2024 жылғы талапкерлер тестілеуден бес рет өте алады.