Британияның экс-премьері Украинаға баруы мүмкін

Борис Джонсон жақын арада Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуге ниетті. Бұл туралы батыс басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

The Guardian басылымының хабарлауынша, Борис Джонсон достарына Украинаға қолдау көрсету үшін алдағы айлардың ішінде Киевке баруға ниетті екенін айтты.

Украиналық дереккөздер газетке Джонсон Киевке баруға «ниетті» екенін, бірақ әзірге қашан баратыны туралы «нақты ақпарат» жоқ екенін хабарлады. Олар Зеленский мен Британияның бұрынғы премьері бір-бірін «дос» деп санайды дейді.

Басылымның мәліметі бойынша, Джонсонның жоспары жоғары лауазымды консерваторлар арасында алаңдаушылық тудырды, себебі олар мұндай сапар қазіргі премьер-министр Риши Сунактың беделіне нұқсан келтіруі мүмкін деп есептейді.

Сунактың одақтастарының бірі «Ол жақтағы (Украинадағы – мыс.) жағдай өте нәзік күйде, сондықтан ол (Джонсон — ред.) Ришаның Зеленскиймен қарым-қатынасына қауіп төндірмеу үшін сақ болуы керек» деп жазады газет.

Еске сала кетейік: Британия үкіметінің басшысы Борис Джонсон ресейлік агрессияға қарсы тұру үшін Украинаны белсенді қолдаған болатын. РФ баса көктеп кіргеннен бері Джонсон Киевке үш рет барған.

Добавить комментарий