Бозжыра шатқалындағы қонақ үй құрылысы: түсініктемелер берілді

Маңғыстау облысында туризмді дамыту жөніндегі жоба тоқтамайды , Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық кеңестердің, сарапшы-экологтардың және мемлекеттік ведомстволардың ой-пікірлерін ескере отырып, қонақ үй салуға арналған басқа ыңғайлы жер таңдауды ғана тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

«Президент экологиялық туризмді өркениетті жолмен дамытуды қолдайды. Ол үшін қажетті инфрақұрылым, ең алдымен, жайлы қонақүйлер қажет. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметке қонақ үй салу жобасын қайта қарауды тапсырды. Бірақ, бұл жоба осымен тоқтайды дегенді білдірмейді. Қоғамдық кеңестердің, эколог сарапшылардың және мемлекеттік ведомстволардың ой-пікірлері ескеріле отырып, қонақ үй салуға арналған басқа ыңғайлы жер таңдалады», — деп жазды Берік Уәли.

Оның айтуынша, Маңғыстау облысында туризмді дамыту Үкіметке жүктелген маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

«Бұл бағыттағы жұмыс басталды: бес жұлдызды қонақ үй салынып, жайлы мейманханалардың тұтас желісін құру жоспарланып отыр, мұндай жүйелі жұмыстар аймақтың туристік тартымдылығын арттыратыны сөзсіз. Жақында Бозжыра табиғи қорығының жанынан қонақ үй салу жобасы ұсынылды. Өкінішке қарай, қазіргі кезде қорықтың айналасындағы туризм табиғатты қорғау шараларын сақтамай, бейберекет дамып жатыр. Бұл осы ерекше табиғат қорағына орасан зиянын тигізуде», — деп қосты Берік Уәли.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Бозжыра шатқалындағы құрылыс жобасын қайта қарауды тапсырғанын еске салды. Шешім Маңғыстау облысындағы бірегей табиғи қорық болып табылатын Бозжыра елді мекенінде қонақ үй салу жоспарына қатысты теріс қоғамдық пікірді ескере отырып қабылданғаны атап өтілді.

Добавить комментарий