Болгарияда контртеррористік операция кезінде Норвегия азаматы ұсталды.
Күдікті азамат интернетте Еуропада және одан тыс жерлерде терроризмге шақырған
Болгарияның Стара-Загора қаласындағы контртеррористік операция кезінде өз елінде лаңкестік ұйымға қатысқаны және лаңкестік шабуыл жасады деген күдікке ілінген Норвегия азаматы ұсталды. Бұл туралы сәрсенбі күні Болгария прокуратурасы хабарлады.
Хабарламада айтылғандай, норвегиялық арнайы қызметтердің сұрауы бойынша Ұлттық қауіпсіздік агенттігі мен ІІМ жүргізген тергеу нәтижесінде күдіктінің түрлі сайттар мен әлеуметтік желілерде Еуропа мен одан тысқары жерлерде лаңкестік әрекетке шақырғаны, сондай-ақ радикалды көзқарастағы адамдармен онлайн-байланыста болғаны анықталды.
«Ұсталған адам Болгария аумағында террористік әрекет жасамағаны және террористік топ құруды жоспарламағаны анықталды», — делінген хабарламада.
Норвегия билігі күдіктіні тұтқындауға еуропалық ордер берді, оны сот қарайтын болады.