Біржан Нұрымбетов: «Егер КВИ екінші толқыны болса, онда 2,2 млн қазақстандық қолдауға мұқтаж болады»

Коронавирустың екінші толқыны жағдайы орын алса 2,2 млн қазақстандық мемлекеттің қолдауына мұқтаж болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады.

«Коронавирустың екінші толқыны және шектеу шаралары қабылданған жағдайда, біздің бағалауымызша, 2,2 млн адам қолдауға мұқтаж болуы мүмкін. Болжам бойынша, жұмыспен қамтылған халықтың жартысына жуығы өз жұмыс режимін сақтап қалуы мүмкін, бұл 4 млн адам. Бұл негізінен ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп, денсаулық сақтау салаларында жұмыс істейтін адамдар», — деді министр.

Ол жұмыс істейтін халықтың үштен бір бөлігі, шамамен 2,5 млн адам қашықтықтан жұмыс істеу режиміне қайта ауыса алатынын атап өтті. Жұмыс уақыты 2 млн адамға қысқаруы мүмкін.
«Олар ақылы немесе ақысыз демалысқа кетуі мүмкін. Бірінші кезекте сауда, көлік, тұру және тамақтану қызметтері саласының қызметкерлері болуы мүмкін. 162 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін», — деді Біржан Нұрымбетов.

Ол карантинді қайта енгізу қызметкерлердің босатылуына және олардың табыстарының төмендеуіне әсер ететінін атап өтті. Жұмыс орындарын сақтау және құру бойынша шаралар жұмыспен қамтудың жол картасы және «Еңбек» бағдарламалары бойынша қабылданады, онда субсидияланатын жұмыс орындарының көлемін ұлғайту жоспарлануда. Толық емес немесе қысқартылған жұмыспен қамтуға көшу кезінде өтемақы немесе жалақыны бір ең төменгі жалақы деңгейіне дейін субсидиялау енгізілуі мүмкін.

«Жұмыссыздар үшін жұмысынан айырылу кезеңінде төлемді арттыру бойынша ұсыныстар енгізу жоспарлануда. Біз дайындаған ұзақ мерзімді нәтижелі шаралар «Еңбек» бағдарламасын жұмыс орындарын құруға, соның ішінде кепілдендірілген сатып алу немесе кепілсіз несиелеу арқылы ауыл кәсіпкерлігі есебінен бағдарлауды қамтиды. Біз жұмыспен қамту саласындағы бірлескен жұмыстың нәтижелері жұмыссыздықтың әлеуметтік қолайлы деңгейін сақтап қалуға және халық табысының күрт төмендеуіне жол бермеуге мүмкіндік береді деп күтудеміз», — деп қорытындылады сөзін Еңбек министрлігінің басшысы.

Добавить комментарий