Бірқатар елдерде коронавирустық инфекцияның екінші толқынына байланысты карантиндік шектеулер енгізіледі.
Израиль әлемдегі коронавирустың салдарынан қайтадан карантин енгізген алғашқы ел болды. Ол ағымдағы жылдың қыркүйек айында күшіне енді, бірнеше күннен кейін күшейтілді. Бастапқыда ол үш аптаға созылады деп жоспарланған болатын. Алайда, бір күн бұрын Израильдің коронавирустың таралуының алдын алу жөніндегі үкіметтік комиссиясы шектеулерді кем дегенде 18 қазанға дейін ұзартуға шешім қабылдады.
Карантин кезінде ел тұрғындарына тұрғылықты жерінен бір шақырымнан астам жерге себепсіз кетуге тыйым салынады. Қонаққа баруға және жаппай іс-шараларға да тыйым салынады. Ғимарат ішінде 10 адамнан, көшеде 20 адамнан артық жиналуға болмайды. Елде тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар, сондай-ақ өндірісті тоқтатуға келмейтін кәсіпорындар жұмыс істейді.
Соңғы мәліметтер бойынша, Израильде коронавирустың 298 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Оның ішінде 2 098 адам қайтыс болды.
Франция президенті Эммануэль Макрон 14 қазанда Париж, Лилль, Лион, Марсель, Тулуза сияқты қалаларда COVID-19-дың екінші толқына байланысты коменданттық сағат енгізілетінін мәлімдеді.
Коменданттық сағат сенбі, 17 қазан күні сағат 21:00-ден (Нұр-Сұлтан бойынша 01:00-ден) 06:00-ге дейін (Нұр-Сұлтан бойынша 10:00-ге дейін) күшінде болады. Режим төрт аптаға созылады.
Президент коменданттық сағатты қалыптасқан жағдайға байланысты «барабар шара» деп атады.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, Францияда коронавирустың 820 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Оның ішінде 33 058 адам қайтыс болды.