Бірнеше ел Қазақстанмен визасыз режимге мүдделі

Латын Америкасы мемлекеттері мен араб елдері өз азаматтары үшін Қазақстанмен визасыз режимге мүдделі.

«Әр жылға арналған кешенді бағдарлама бар, онда бірнеше ел бойынша визасыз тәртіп орнату жоспарлары жазылған, оның аясында біз азаматтарымыздың визасыз қандай да бір елге кіріп-шыға алатындай жағдай жасап, тізімді кеңейтуге тырысамыз. Бұл жоспарды айта алмаймын, өйткені жұмыс жүріп жатыр. Онда басқа тараптың да мүдделері қозғалып отыр, тек қол қойылғаннан кейін ғана жариялай аламыз. Барлық өңірлер пысықталуда», — деп хабарлады ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен брифингте.

Ол әрбір ел өз мүдделерін ескеретінін және осы мәселені шешу кезінде тараптар ұлттық және көші-қон қауіпсіздігі мәселелері бірінші орынға қоятынын айтты.

«Латын Америкасы елдері мүдделі, Латын Америкасына баратын қазақстандық туристер саны артты. Сондықтан Латын Америкасы сыртқы істер министрліктерінің басшылығы осы мәселелерді қарау туралы өтініш білдірді. Өткен жылы бірқатар келісімдерге қол қойдық, биыл оларды ұлғайтамыз. Оның ішінде Араб елдеріне де қызығушылық таныттық.

Шенген аймағы бойынша келіссөздер жүріп жатқанын бәріңіз білесіз. Онда келісім қажет. Еуропалық одақ елдері үшін бізде визасыз режим біржақты тәртіпте бар. Біз Шенген аймағы бойынша визасыз режим келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Олар жалпы шешім қабылдайды, жалғыз өзі шеше алмайды. Біз осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз», — деп сендірді Айбек Смадияров.

 

Добавить комментарий