Бірнеше адамды соққыға жыққан Павлодар облысының полиция қызметкері жұмысынан босатылды.
«Қызметтік тергеу нәтижелері бойынша қызметтік тәртіпті бұзғаны және құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін Ақтоғай ауданының ПБ учаскелік инспекторы «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағының 13-тармақшасы бойынша ішкі істер органдарынан босатылды, — деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаменті.
Ведомствода учаскелік инспектордың басшылығы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Еске сала кетейік, Павлодар облысы полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасы учаскелік полиция қызметкерінің бірнеше адамды соққыға жығуына қатысты қызметтік тергеуді жүргізген болатын.
Ақпарат бұған дейін әлеуметтік желілерде жарияланған. Куәгерлердің айтуынша, 5 ақпанда Ақтоғай ауданы Ақжол ауылының учаскелік полиция қызметкері ауылдастары мен әйелін ұрып-соғып, қызметтік көлігімен мас күйінде жүріп, оны тоқтатуға тырысқан тұрғындарды қағып кетпек болған.