Съезге бейнеконференцбайланыс режимінде Алматы, Шымкент және барлық өңірлердің партия өкілдері қатысты. Партия төрағасы Серік Сұлтанғали атап өткендей, съезд аясында делегаттардың, сондай-ақ өңірлердегі партия мүшелерінің ұсыныстары қабылданды.
«Біздің партия ешқашан өз жұмысына жнегізсіз тәсілдермен өз назарын аударуды мақсат етіп қойған емес. Біздің жұмысымызда ешқашан біреудің көңілінен шығу үшін конъюнктура болған емес. Біздің партия — нақты істер партиясы. «Nur Otan» ішкі праймериз өткізуде, басқа партиялар да белсенділік танытты. Уақыт белсенділікті қажет ететіні түсінікті», — деді съезд барысында сөйлеген сөзінде «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали.
Сонымен қатар, партия басшысы «Ауыл» партиясымен бірігу мәселесіне де түсінік берді. Айта кетейік, бұған дейін бірігуге қатысты ұсыныстың қабылданбағаны туралы хабарланған болатын.
«Біз есейген партия ретінде барлық саяси оқиғаларға қатысуға әзірміз. Бірақ тағы да қайталаймын, біздің партиямыздың қағидаты — жалған уәде бермеу, сайлаушылардың көзінше, халықтың көзінше көп уәде беріп, бос сөз айтпау. Мысалға, бір ауылға су құбырын жүргізіп берсек те, бұл нақты жұмыс болар еді. Аз да болсын, бұл жұмыс. Егер сіз бен біз көп балалы отбасыға бірнеше килограмм ұн, кәмпит әкелсек, қандай да бір ақшамен көмектесетін болсақ, бұл нақты іс», — деп атап өтті С. Сұлтанғали.
Съезд барысында партия Жарғысына өзгерістер енгізілді.
«Бірлік» саяси партиясы қоғамдық бірлестігінің Жарғысы 2016 жылдың 3 ақпанында бекітілді. Партия органдарының жедел шешім қабылдауын қамтамасыз ету және ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес өткізу мақсатында партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылып отыр.
Жарғының негізгі және маңызды өзгерістері мынадай ережелер болып табылады: жедел шешім қабылдау мақсатында партия төрағасының «Партияға жаңа мүшелерді қабылдау туралы шешім қабылдау мүмкіндігі»; партия съезінің құзыреті толықтырылды; Жарғы съезд отырысын видеконференция режимінде өткізуге мүмкіндік беретін тармақпен толықтырылды.
Партия съезінің шешімдерін жедел қабылдауды қамтамасыз ету және әкімшілік шығындарды қысқарту мақсатында бейнеконференцбайланыс режимінде партия съезін өткізу қарастырылған», — деп мәлімдеді партия хатшысы Мұрат Қожамқұлов.
Сонымен қатар, партия төрағасының құзыреті, сондай-ақ өз бастамасымен өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда партияның жаңа төрағасын сайлау тәртібі толықтырылды.
«Партия төрағасы өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініш берген кезінде Саяси кеңес атқарушы хатшыны сайлайды, оның негізгі міндеті партияның жаңа төрағасын сайлауды өткізуді қамтамасыз ету болып табылады», — деп толықтырды партия хатшысы.