Бір күннің ішінде интернет-алаяқтар 5 млн теңгеден астам қаражат олжалаған

Бір күннің ішінде Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары алаяқтардың арбауына түсіп, 5 млн теңгесінен айырылды.

Өткен сенбі күні бірден 6 интернет-алаяқтық тіркелді. Екі жағдайда «банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалу» жолы пайдаланылған. Бұл алдаудың кең тараған түрі. Алаяқтар жәбірленушілерді, шотыңыздан ірі соманы ауыстырайын деп жатыр немесе атыңызға ірі көлемде несие алайын деп жатыр деп сендіріп, қорқытады.

Әдістер әр түрлі болуы мүмкін, алайда интернет-алаяқтардың мақсаты бір: хабарласқан құрбанының ЖСН-ін, банк картасының нөмірі мен cvv-кодын, sms арқылы келетін бір реттік паролін білу. Қылмыскерлер адамдарды ірі көлемде несие алу, ақшаны жаңа шотқа ауыстыру қажеттілігіне сендіріп, сол мезетте бірден ақшаны шешіп алады.

«Алаяқтықтың кең таралған схемаларының ішінде — бөтеннің атына несиелер ресімдеу. Петропавл қаласының тағы бір тұрғынына 2,5 миллион теңге шығын келтірілген. Әйел тұрмыстық техника сататыны туралы хабарландыру орналастырған. Қоңырау шалған алаяқ алдын ала төлем жасауға уәде беріп, оның құпия деректерін атауды өтінген. Бұл деректерге қол жеткізген ол жәбірленушінің депозитінен жылдар бойы жинаған қаражатын жымқырған», — деді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Полицейлер облыс тұрғындарынан ешкімге ешқашан өз жеке және қаржылық деректеріңізді сеніп тапсырмауды сұрайды. «Банктен хабарласып тұрмыз» деген қоңырау келіп түскен уақытта алаяқтармен сөйлесуді тоқтатыңыз.

Есте сақтаңыздар: нағыз банк қызметкерлері клиенттің қандай да бір операция жасау үшін шоттың жағдайын телефон арқылы талқыламайды немесе мәжбүрлемейді. Егер қаражаттың сақталуына күмәніңіз болса, онда банк филиалына барыңыз.

Добавить комментарий