
Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері деңгейінде білім беру жүйесін қалай өзгертетіні туралы Қазақстан БҒМ басшысы айтып берді.
Асхат Аймағамбетов жаңа заңнамалық нормаларға сәйкес, еңбек өтілін растайтын құжаттардың қатарына дуальды оқыту туралы шарт қосылғанын атап өтті.
Іс жүзінде бұл студенттің дуальды форматта білім алған мерзімі еңбек өтілі ретінде есептелетінін білдіреді және колледж түлектерінің жұмысқа айтарлықтай тәжірибемен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттырады.
“Заң жобасында уәкілетті органның колледжде оқу мерзімін белгілеуі туралы норма алынып тасталды. Бұрын біз түрлі біліктілік бойынша білім алу мерзімін қатаң реттеп, белгіледік. Орташа есеппен 2 жылдан 3 жыл 10 айға дейін жалғасады. Енді бұл нақты білім беру бағдарламасына және оқытудың талап етілетін нәтижелеріне байланысты болады. Колледждер жұмыс берушілермен келісім бойынша кәсіптік стандарттар немесе нарық талаптары негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлейтін болады, кейін оны ҚР БҒМ бағдарламалар тізіліміне орналастырады және оларға байланысты кадрлар дайындайды. Осылайша, жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын даярлауда икемділігі арта түседі. Оқу жоспарлары мен бағдарламалары жастарға қажетті біліктілікті алуға және қысқа мерзімде жұмысқа орналасуға, ал қажет болған жағдайда қайта оралып, қосымша басқа да біліктіліктер меңгере алады”, – деп хабарлады министр.
Аталған шаралар өндірістегі технологиялық өзгерістерге және еңбек нарығының сұраныстарына бейімделуге мүмкіндік береді және ТжКБ жүйесі жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін мамандарды даярлайтын болады.
Колледж басшылығы бұрыннан көтерген тағы бір мәселе шешілді. Енді олар ақылы негізде қызмет көрсетіп, оқу-өндірістік шеберханаларда, шаруашылықтарда, оқу полигондарында дайындаған тауарларын сата алады.
“Мысалы, “Дәнекерлеу ісі” мамандығы бойынша оқитын студенттер тәжірибе барысында темірден сапалы конструкциялар, жас кондитерлер – керемет өнімдер пісіреді, қолөнер мамандықтары бойынша оқитындар – киізден, керамикадан, ағаштан, былғарыдан, зергерлік бұйымдардан авторлық бұйымдар дайындайды. Енді олардың барлығын сата алады, ал одан түскен ақшаға шеберханалар үшін қосымша шығын материалдарын сатып алуына болады”, – деп нақтылады Аймағамбетов.
Кейбір жоғары оқу орындарына қарасты колледждер жұмыс істейді. Бұрын олар бюджет есебінен кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыс ала алмайтын. Жаңа түзетулер бұл мәселені де шешті.
Бұдан басқа, мемлекеттік тапсырыс алу үшін шарт ретінде колледждердің аккредиттеуден өтуіне қатысты талаптар алынып тасталды.
“Біріншіден, бұл рәсім елеулі бюджеттік шығындарды талап етеді. Екіншіден, ол ерікті болуы тиіс. Енді ТжКБ ұйымдары уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес келген жағдайда аккредиттеуден өтпей-ақ мемлекеттік тапсырысты орналастыру рәсіміне қатыса алады”, – деп атап өтті ведомство басшысы.
Аймағамбетов ТжКБ жүйесі қазіргі жағдайда барынша икемді, бейімделгіш, тиімді етіп және сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға бағдарланған болуы тиіс деп санайды.