Белсенді 20 тәулік қамауда болады: сот Ескендірованың шағымын қанағаттандырмады

Орал қаласының тұрғыны Маруа Ескендірова «заңнамада белгіленген тәртіпке қайшы келетін жиналыстарға, митингілерге қатысқаны үшін» 20 тәулікке қамалғанына қарсы түсірген шағымы қанағаттандырылмады.

Соттың бірінші инстанциядағы шешімі күшінде қалды.

Белсенді өзінің шағымында іс материалдарындағы «заңсыз митингіге» қатысты деп тағылған айыпты жоққа шығарды.

«Мен кінәлі емеспін, алаңда бес адам болдық, мұны митинг деуге келмейді. Біз тек өз ойымызды ғана айттық, бұл алдын ала жоспарланған жиналыс болмады, біз көшеден өтіп бара жатып, ойымызды айтамыз деп шештік. Ешқандай заң бұзушылық болған жоқ», — деді сотта Маруа Ескендірова.

Судья Әлібек Ахметов шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімді қабылдады. Белсендіге қатысты 20 тәулікке қамауға алу шешімі күшінде қалды. Оны сот шешімімен 23 қазанда, оппозиция митинг өткізетінін жариялаған күні, бір ай бұрын «рұқсат етілмеген акцияға қатысқаны» үшін тұтқындады.

Ескендірова — бірнеше бейбіт митингіге қатысып, бірнеше рет өзі ұйымдастырған. Биыл Ескендірова белсенділермен бірге бейбіт наразылық акцияларын өткізу үшін 40 ескерту жазған. Орал қаласының әкімдігі ешқайсысына рұқсат бермеді.

Ол бірнеше рет қудалауға ұшырап, ұсталып, қамауға алынды. Алғаш рет 2021 жылдың ақпанында рұқсат етілген митингіде сөйлеген сөзінен кейін жауапкершілікке тартылды. Көпшілік алдында сөйлеген сөздерінен кейін Ескендірованы бірнеше рет қатарынан әкімшілік қамауға алды. Жалпы, биылғы жазғы үш айда ол 70 тәулік қамауда отырды.

Ескендірова өзіне шыққан сот шешімдерін өзінің белсенділігімен байланыстырады және қудалаудың саяси астары бар деп санайды.

Добавить комментарий