Беларусь соты темір жол өткеліндегі релейлік шкафты өртеген үш азаматқа қатысты үкім шығарды. Олар 2022 жылғы 28 ақпанда, Ресей әскерлерінің Украина аумағына баса-көктеп кіруінің бесінші күні осындай қадамға барған. Олар өздерінің әрекеттерін Ресей әскери техникасының Украина аумағына жіберуіне жол бермеу үшін жасағанын түсіндірді.
Диверсияға қатысушылар 21 жылдан 23 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын алды.
Бұл туралы «Гомельская весна» құқық қорғау жобасында хабарланды.
Беларусь тергеу комитетінің болжамы бойынша Олег Молчанов, Дмитрий Равич және Денис Дикун 28 ақпанда соғыстың бесінші күні Украинаға апаратын темір жолдағы Жердь-Останкович аралығындағы релейлік шкафын өртеген. Олардың әрекетінің салдарынан теміржолдың осы бөлігіндегі бағдаршамдар мен бағыттамалар біраз уақытқа істен шықты.
Беларустың Гомель қаласындағы сот оларды «терроризм», «мемлекетке опасыздық жасау», «қатынас жолдарын қасақана бүлдіру» және «экстремистік құрылымға қатысу» баптары бойынша кінәлі деп таныды.
Сот Молчановты 21 жылға, Равичті 22 жылға, Дикунды 23 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, оларға әрқайсысына 4,8 мың белорус рублі көлемінде айыппұл салынып, тінту кезінде табылған мүлік тәркіленді.
Маусым айының соңында Беларусь тергеу комитеті Молчанов, Равич және Дикунға қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады. Ол кезде ТК ер адамдар өлім жазасына кесілуіне мүмкін деп мәлімдеген болатын.