Беларусьте ЕО елдері мен АҚШ-тан жеткізілетін азық-түлік тауарларына эмбарго енгізілді.
Ет, жеміс-жидек, сүт, шұжық, кондитерлік өнімдерді және басқа да тауарларды әкелуге тыйым салынады. Санкцияларға қарсы қарымта шара 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
«Тауарлардың жекелеген түрлеріне қатысты арнайы шараларды қолдану туралы» қаулыны республиканың Министрлер кеңесі қабылдады, деп хабарлайды жергілікті БАҚ.
Аталған шара келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданыла бастайды.
«Ұжымдық Батыстың елімізге қарсы салынған заңсыз санкцияларына Беларусь қарымта шара қабылдады. Үкімет қабылдаған шешімге сәйкес 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізге қарсы кемсітушілік саясат жүргізетін және достыққа сай келмейтін әрекет жасаған елдерде өндірілген тауарлардың кең тізбесіне қатысты азық-түлік эмбаргосы енгізіледі», — деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Тыйым салынған тауарлар тізбесінде ірі қара мал еті, шошқа еті, сүт және сүт өнімдері, көкөніс тұқымдары, жемістер мен жаңғақтар, шұжықтар, кондитерлік өнімдер, тұз және басқа да тауарлар бар.
Аталған қарымта шара АҚШ, Еуроодақ елдері, Канада, Норвегия, Албания, Исландия, Солтүстік Македония, Ұлыбритания, Черногория, Швейцарияға қарсы қабылданды.
Беларусь эмбаргоға жататын тауарлар тізімін кеңейтілуі мүмкін екенін мәлімдеді.
2021 жылдың 10 айының ішінде Беларусь аталған елдерден жалпы сомасы 530 млн доллардан асатын азық-түлік тауарлары мен азық-түлік өнімдерін импорттады.
«Беларусь бұрынғысынша ел халқының мүддесін бірінші орынға қояды. Мемлекет басшысы халыққа зиян келтірмейтіндей етіп қарымта шара қабылдады. Осы себептен Министрлер кеңесінің қаулысынан бірқатар тармақ алынып тасталды, атап айтқанда, беларустар жеке тұтынатын тауарларға, сондай-ақ, мәселен, балалар тағамына арналған тауарларға және басқа да импорт позицияларына қатысты болмайды», — деп атап өтті баспасөз қызметі.
Жоғарыда аталған елдер тарапынан деструктивті әрекеттер қайталанса, Беларусь тыйым салынған тауарлар тізбесін кеңейтеді.