«Бейнеу-Шалқар» автожолын «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салу ұсынылды

Сенатор Сүйіндік Алдашев ҚР Премьер-Министріне «Бейнеу-Шалқар» жолының құрылысы жобасын «Нұрлы жол» бағдарламасына енгізу туралы сауал жолдады.

Депутат атап өткендей, «Құрық» теңіз паром кешені 2016 жылы салынып, пайдалануға берілді. Сенатордың айтуынша, порт Транскаспий халықаралық көлік бағыты сияқты жобаларды жүзеге асыруға қатыса отырып, елдің экспорттық әлеуетін арттыруда басты рөл атқарады, Қытайдан, Орталық Азия елдерінен, Орал — Ресейдің Сібір өңірінен Түркияға, Еуропаға және кері қарай жүк жеткізудің тиімді логистикасын құруға мүмкіндік береді.

«Аталған портқа жүктерді жеткізу мерзімін және онымен байланысты шығындарды азайту мақсатында 2016 жылы ұзындығы 471 км «Шалқар — Бейнеу» темір жолы салынып, пайдалануға берілді, ол «Құрық» портына дейінгі жолды қолданыстағы маршрутпен салыстырғанда 500 км-ден астам қысқартуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бүгінгі таңда аталған портқа дейін жүктерді автомобиль көлігімен жеткізудің оңтайлы бағытын таңдау мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Қазіргі уақытта жүкті автомобиль көлігімен «Құрық» теңіз портына жеткізу үшін «Ырғыз-Ақтөбе-Мақат-Бейнеу-Құрық» бағыты бойынша үлкен ілгек жасап, Ырғыздан Бейнеуге дейінгі учаскеде қосымша 1250 км жүріп өтуге тура келеді, бұл нәтижесінде Қазақстанның транзиттік бағыттарының тартымдылығына әсер етеді», — деді өз сауалында Сүйіндік Алдашев Сенаттың жалпы отырысында. Сенатордың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасының ІІ кезеңі аясында 2020-2025 жылға шамамен 30 мың шақырым автокөлік жолдарын қайта жаңарту және салу бойынша 11 жобаны іске асыру жоспарланған. «Бұл бағдарламада «Бейнеу — Шалқар» жобасы, жалпы тізімде көрсетілгенімен, іс-шаралар жоспарында қаржыландыру көзі көрсетілмеген, сонымен қатар,«Бейнеу — Бозой» жобасы көрсетілген, біздің ойымызша, бұл жүктерді «Құрық» портына жеткізу жылдамдығын арттыру тұрғысынан дұрыс емес. «Нұрлы жол» бағдарламасының ІІ кезеңі аясында құрылыс жоспарланғанын ескере отырып, «Астана — Арқалық — Торғай — Ырғыз — Шалқар — Қандағаш» автокөлік жолын қайта жаңарту, 2025 жылға дейінгі кезеңде «Бейнеу — Шалқар» автокөлік жолының құрылысын «Нұрлы жол» бағдарламасына енгізу қажет деп санаймыз және ұсынамыз, Бұл «Орталық — Батыс» көлік дәлізінің қисынды аяқталуы және «Құрық» портына дейінгі жолды 500 км-ден астам қысқартар еді», — деп ұсынды сенатор. Депутат автомобиль жолының құрылысы еліміздің өзге өңірлерінің тұрғындарына қысқа жолмен Каспий теңізінің жағалауына демалыс пен туризм үшін қол жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты.

Добавить комментарий