БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы барысында орын алған оқиғаға байланысты іс-шара жабық консультация режиміне ауыстырылды — бейнекадрда танылмаған Косово мемлекетінің туы пайда болды.
Жағдайдың мән-жайына келер болсақ: аталған өңірдің өкілі бейнекадрда өз жалауының астында отырғаны көрінген — Косовоны Қауіпсіздік кеңесінің сегіз мүшесі мойындамайтындықтан, Ресей атрибутиканы алып тастауды сұрады.
«Біз Косово өкілдерінің біздің отырысқа қатысуына қарсы емеспіз. Бұл тәжірибе арқылы бекітілген. Қалай болғанда да, Кеңес мүшелерінің назарын Гервала ханымның (Косово өкілі — ред.) Косово эмблемасымен отырғанына аударғым келеді», — деді отырыс алдында РФ-ның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілінің бірінші орынбасары Дмитрий Полянский
«Өздеріңіз білетіндей, Косово барлық мемлекет мойындаған мемлекет емес. Бұл территория. Және ҚК сегіз мүшесі Косовоны мемлекет ретінде мойындамайды. Осыған байланысты, отырысымызды одан әрі жалғастыруымыз үшін Косово өкілінен фонды ауыстыруды немесе оның артындағы жалауды алып тастауды сұраймыз. Сонда ғана біз жалғастыра аламыз», — деді ресейлік дипломат.
Қауіпсіздік кеңесі жабық консультацияға ауысып, онлайн-трансляция үзілді.
Косово өкілдері БҰҰ ҚК отырыстарына өздерінің атрибутикасын бірінші рет көрсетіп отырған жоқ. Бұған дейін Ресей тек ескертулермен ғана шектелетін.