Батыс Сириямен арадағы қарым-қатынасын қалыпқа келтіруді жоспарлап отырған жоқ

Ұлыбритания, ГФР, АҚШ және Франция үкіметтері азаматтық соғыстың саяси шешімі табылмайынша, Сириямен арадағы қарым-қатынасын қалыпқа келтірмейтіні туралы мәлімдеме жасады.

Бірлескен мәлімдемеге сәйкес, олар Асад режимі келтірген залалды жою үшін қаржы бөлмейді, қарым-қатынасын қалыпқа келтірмейді және санкцияларды алып тастамайды. Олар Дамаскіге ортақ көзқараста өзгерістер жоғын атап өтіп, БҰҰ-ның қолдауымен және БҰҰ ҚК-нің 2254 қарарына сәйкес сириялықтардың өздері басқаратын саяси процеске шақырды.

Төрт елдің үкіметтері Сирияда ширек миллионға жуық бейбіт тұрғынның өмірін қиған қақтығыс кезінде жасалған заң бұзушылықтар мен қылмыстар үшін барлық кінәлі азаматтарды жауапқа тарту қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ, олар қақтығыстың барлық тараптарын осы уақытқа дейін қамауда отырған немесе хабар-ошарсыз кеткен 155 мыңнан астам адамды бостандыққа шығару немесе олардың тағдыры мен орналасқан жері туралы ақпарат беруге шақырды.

Осыған қарамастан, Ұлыбритания, ГФР, АҚШ және Франция үкіметтері Сирияда ақпан айында 10 мың адам құрбан болған жер сілкінісінен кейін Сирияға гуманитарлық көмек көрсету үшін санкциялық режимде ерекшелік жасады.

 

Добавить комментарий