Павлодар облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Батырбек Әлиев өңірдегі қазан айында тіркелген коронавирусқа байланысты мәліметтердің сәйкессіздігінің себебі туралы айтты.
Батырбек Әлиевтің айтуынша, сәйкессіздік зертханалар мен санитарлық қызметтердің мәліметтері арасында болған, бірақ оны жедел түрде жойған.
«Бізде қазан айында есепке алынған және есепке алынбаған жағдайлар бойынша статистикада зертханалармен шамалы сәйкессіздік болды — біз шамамен 50 жағдайды анықтадық. Алайда, осы жағдайлардың барлығы бойынша дер кезінде эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілгенін, біздің эпидемиологтардың бірден байланыста болғандардың шеңберін белгілегенін нақтылағым келеді. Қазір олардың барлығы есепке алынған, жалпы статистикада олар бар», — деді ол.
Өңірдің бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, облыста инфекцияны жұқтыру жағдайларының есепке алу және тіркеу жолға қойылған.
«Бізде зертханалармен күнделікті мониторинг жүргізуде: олардың деректері мен шұғыл шақыртулар салыстырылады. Сондықтан бізде жасыру фактілері жоқ, мен нақты айта аламын», — деп атап өтті Батырбек Әлиев.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөніндегі кеңесте кейбір өңірлерде коронавирустық инфекцияның жаңа жағдайларын жасыру фактілері анықталғанын хабарлады. Әңгіме Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай және басқа облыстар туралы болып отыр. Мемлекет басшысы бұл COVID-19 қарсы күрестің барлық стратегиясына нұқсан келтіретінін атап өтті.