Қарағанды қаласы Тергеу изоляторының бұрынғы басшысы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты АК-1591 (СИ-16) мекемесінің бұрынғы бастығына қатысты үкім шығарды.
Сот анықтағандай, Көпеев жазасын өтеп жатқан үш сотталушыны бұрынғы таныс азаматшаның пәтерінде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жіберген. Сол арқылы ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды.
Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді. Сот жаза тағайындау кезінде мұндай әрекеттер мемлекеттік биліктің беделіне нұқсан келтіретінін, сондықтан қоғамдық қауіп төндіретінін ескерген.
Сот үкімімен Көпеев 5 жыл бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды, әділет полковнигі арнаулы шенінен айырылды. Үкім заңды күшіне енбеді.