Бас прокуратура терроризм туралы жалған хабарламаларға қатысты түсініктеме берілді

Қазақстанда терроризм актілері туралы көрінеу жалған хабарламалар жиілеп кетті.

Бас прокуратураның хабарлауынша, жалған хабарламалар көбінесе шетелдегі электрондық пошталар мен серверлерден жіберіледі.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев азаматтарға жолдаған ресми үндеуінде қаскүнемдер неліктен терроризм актілері туралы жалған хабар беретінін айтты.

Қылмыстық істерді тергеу тәжірибесі қылмыстың іздерін жасыру үшін кейбір жағдайларда жалған хабарламалар шетелдегі электрондық пошталар мен серверлерден жіберілетінін көрсетті. Осындай ақпараттық шараның мақсаты – елдегі жағдайды тұрақсыздандыру және халықты қорқыту», — делінген Бас прокуратураның сайтында.

Бас прокурордың орынбасары айтып өткендей, күні кеше елімізде тағы да жалған хабарламалар толқыны болды — бұл жолы оқу орындарына «бомба қойылғаны» туралы. Нұр-Сұлтандағы және басқа қалалардағы бірнеше ондаған оқу орындарына жалған хабарлама келіп түсті, жүздеген адам эвакуацияланды. Қылмыскерлерді іздеу жүріп жатыр.

Жалпы, 2016 жылдан бастап соттар терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін 236 тұлғаны соттады, соның ішінде 147-і бас бостандығынан айырылды. Шұғыл қызметтердің жалған шақыруымен келтірілген материалдық залал кінәлілерден өндірілді.

«Бас прокуратура азаматтарды, бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды қырағы болуға шақырады. Терроризм актілері туралы көрінеу жалған хабарламалар таратпауы және орналастырудың жолын кесуі, мұндай хабарламалардың авторларына жәрдем көрсетпеуі қажет. Дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыс туралы мәліметтер болған кезде құқық қорғау және арнайы органдарға дереу хабарлауды сұраймыз», — деп түйіндеді Әсет Шыңдалиев.

Добавить комментарий