Бас прокуратура тәртіпсіздіктерге қатысқандар туралы хабарлады

Қазақстанның Бас прокуратурасы елдегі прокурорлардың өтініші бойынша 2022 жылдың қаңтар айының басында болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан 670-тен астам адам қамаудан босатылғанын хабарлады.

Бұл туралы брифингте Бас прокурордың аға көмекшісі Азамат Сарғазин мәлім етті

«Соттарда тәртіпсіктерге байланысты 8354 әкімшілік істі қаралды. Соттар мен прокурорлар жеңілдететін мән-жайлар мен кінәлі адамдардың өкінгенін ескерді. 3337 құқықбұзушыға қамауға алу немесе айыппұл салу түріндегі жаза қолданылмай, тек ескерту жасалды, 1653 іс бойынша сот айыппұл салды, қазір 1002 адам қамауда отыр», — деп хабарлады Азамат Сарғазин

Оның айтуынша, сот тағайындаған жазаны жеңілдету мақсатында прокурорлар апелляциялық сотқа 1758 өтініш хат түсірген.

«Прокурорлардың өтініш хаттары бойынша 676 азамат қамаудан босатылды. 344 адамның айыппұлы ескертуге ауыстырылды. Прокурорлардың жазаны жеңілдетуге және айыппұлды ескертуге ауыстыруға бағытталған 738 өтініші қаралып жатыр», — деп хабарлады Азамат Сарғазин.

Сонымен қатар, ведомствоның мәліметінше, тағы 358 әкімшілік іс сотқа материалдарды жібермей тоқтатылған.

«Ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша 695 сотқа дейінгі тергеу басталды, оның ішінде 44 — терроризм актілері бойынша, 15 — кісі өлтіру бойынша, 6 — насихаттау және билікті басып алуға шақыру фактілері бойынша. Күдікті ретінде 780 адам ұсталды, оның 695-і бойынша сот қамауға алды. Бұл істер ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады», — деді Азамат Сарғазин.

Добавить комментарий