Қазақстанның Бас прокуратурасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Оған қатысты 2022 жылғы қаңтар оқиғалары кезінде кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланды деген күдікпен тергеу басталды.
Бас прокуратураның баспасөз қызметінің ресми хабарламасына сәйкес, тергеу құпия құжаттаманың едәуір көлемін зерделеумен байланысты. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.
Тергеу қорытындысы бойынша заңды іс жүргізу шешімі қабылданатын болады. Бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембай Самат Әбіштің ел аумағында екенін және ешқайда кетпеу туралы қолхат табысталғанын айтты, осы іс бойынша оған қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын растады.
Бұған дейін ҰҚК бесінші департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов қаңтар айындағы оқиғалар кезінде Самат Әбіштің бұйрықтары бойынша әрекет еткенін мәлімдеген болатын. Самат Әбіштің ұсталғаны туралы ақпарат 2022 жылдың қаңтарынан бастап жариялана бастады, бірақ ол кезде Ұлттық қауіпсіздік комитеті жоққа шығарған. Сол жылы 17 қаңтарда Самат Әбіш ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметінен кетті.