БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Сириядағы соғысты ресми билік пен оппозиция арасындағы диалог арқылы тоқтату керектігін мәлімдеді.
Сирия билігі мен оппозиция арасындағы диалог елдегі шиеленіскен жағдайды шешуге мүмкіндік береді. Бұл туралы БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш бейсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның пікірінше, «Сириядағы атысты тоқтату режимі қандай да бір деңгейде сақталатындығына қатысты оң белгілер бар». «Дегенмен, біз белгілі бір мағынада тығырыққа тірелдік», — деп толықтырды Гутерриш.
Оның айтуынша, билік пен оппозиция «тоқтап қалған нүктеден жылжуы үшін» диалогты бастауы керек. БҰҰ Бас хатшысы атап өткендей, бұл араб республикасындағы жағдайға «шетелдік ықпалды азайтудың жалғыз жолы».
Оның пікірінше, Сириядағы тараптар «болашақты байыпты талқылауы керек», соның ішінде сайлау өткізу, конституция мен адам құқықтарына қатысты мәселелер.
«Сириялықтар осы бағытта алға жылжу қажеттігін түсінеді деп шын жүректен үміттенемін. БҰҰ бұған жәрдемдесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды», — деп сендірді Гутерриш.