Банк қызметкері өзгелердің атынан несие алған

Түркістандық полицейлер тұрғындардың 40 миллионнан астам ақшасын алаяқтық жолмен алды деген күдікпен бұрынғы банк қызметкерін ұстады

Түркістан қалалық полиция басқармасына банктердің бірінің қызметкері өзгелердің атынан несие алғаны туралы хабарлама келіп түсті. Орын алған қылмысты түркістандық полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алып, оқиғаның толық мән-жайын анықтауға бірден іске кірісті. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктіні ұстады, ол облыс орталығының тұрғыны болып шықты.

Белгілі болғандай, банкте аға менеджер болып жұмыс істейтін жас жігіт алдына қандай да бір мәселемен келген азаматтардың құжаттарын қолдана отырып, олардың атынан несие рәсімдеп отырған.

Барлығы 11 адамның атына несие шығартып, 3 азаматтың депозиттеріндегі ақшаларын жасырын түрде аударып алған. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 40 миллион теңгеден асқан.

Күдікті алаяқтық жолмен иеленген ақшаларды құмар ойындарға салып жібергенін мойындады

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтайды.

Добавить комментарий