ІІМ баспасөз қызметі Қазақстанда бала саудасы фактісі бойынша іс материалдарынан тергеудің егжей-тегжейлі мәліметтерін жариялады. Ұсталған ҰҚТ-ның қатысушылары жаңа туған нәрестелерді сатқан, олардың қылмыстық әрекетіне АХАЖ қызметкері көмектескен.
Бес адам, оның ішінде жалған құжаттарды дайындаған АХАЖ қызметкері жаңа туған балаларды сатты деген күдікпен ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Қазіргі таңда ҰҚТ-ның қылмыстық әрекетінің алты оқиғасы дәлелденген.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жаңа туған нәрестелерді саудалаған ҰҚТ-ға қатысты ұзаққа созылған тексеру амалдары ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталды. Ұсталғандардың мақсаты баласы жоқ жұптарға жаңа туған нәрестелерді заңсыз түрде рәсімдеуге көмектесу болды.
«Өткізілген іс-шаралар барысында бір топ адам, оның ішінде аудандық АХАЖ бөлімінің қызметкері жаңа туған балаларынан бас тартқысы келген жүкті әйелдер мен баласы жоқ отбасылық жұптарды іздеумен айналысқаны анықталды. Сондай-ақ, жалған туу туралы куәлік дайындаған», — деді ІІМ апталық брифингте ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Оның айтуынша, баланың бағасы бір-екі млн теңгеге дейін, ал жалған құжаттарды дайындау мен анықтама беру құны 700 мың теңгеге бағаланған.
«Бүгінгі таңда күдіктілердің жаңа туған нәрестелерді сатудың алты оқиғасына қатысы бары анықталды», — деп толықтырды Нұрмағамбетов.
Қазіргі уақытта іс бойынша айыпталушылардың барлығы тергеу изоляторында қамалды. «Кәмелетке толмағандарды саудалау» бабы бойынша тергеу амалдары жалғасуда. ҰҚТ мүшелерінің мүлкі тәркіленіп, 12 жылдан 18 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.